НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі дәнді және майлы дақылдарды, сондай-ақ жайылымдарды сақтандыру бойынша бағдарламаларды іске асыру жұмыстары басталғанын хабарлады.
Агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыру операторы - "Аграрлық несие корпорациясы". сақтандыру шарттарын www.qoldau.kz сайтындағы Agroinsurance ақпараттық жүйесінде жасауға болады
Сақтандыруға болатын дақылдарға бидай, арпа, сұлы, жүгері, күнбағыс, рапс және зығыр жатады.
Сақтандыру Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының аграршылары үшін қолжетімді.
Дәнді дақылдар бойынша топырақта ылғал жетіспеушілігінен сақтандыру шарттарын 2022 жылғы 16 сәуірге дейін, майлы дақылдар бойынша – 30 сәуірге дейін жасасуға болады.
"Егістіктерді құрғақшылықтан сақтандырудың екі жылының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 1 млрд 327,3 млн теңге төленді, бұл ретте аграршылар енгізген сақтандыру сыйлықақысының сомасы 241,5 млн теңгені құрады, тағы 241,5 млн теңге мемлекеттік субсидиялар ретінде енгізілді", - делінген хабарламада.
Министрлік шаруалардың назарын жаңа өнім - жайылым биомассасы тапшылығының индексіне негізделген жайылымдарды сақтандырудың бекітілгеніне аударады. Бір жылдық және көп жылдық шөптері бар жайылымдарды сақтандыруға болады. Сақтандыру кезеңі – 1 мамырдан 30 тамызға дейін, тариф 3,2 %. Жайылымдарды 2022 жылғы 16 сәуірге дейін сақтандыру қажет.