"Түні бойы көлікте түнедік": ақылы жолдарға жүргізушілердің көңілі толмайды

Щучинск – Нұр-Сұлтан тасжолынан жылына миллиардтаған қаржы түседі. Бірақ аяз күшейіп немесе қар боратқанда, көктайғақ болған кездері бұл жол жиі жабылады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 сәуір – Sputnik. Қазір бірнеше бағыттағы күре жолдарға арнайы терминалдар мен бейнекамералар қойылып, тиісті тариф бекітілген.
Солардың бірі – елорда мен Бурабай ауданының аралығындағы тасжол. Бірақ қыс түссе бітті аталған трасса жиі жабылып, көктемде көктайғақтан көз ашпайды, деп хабарлады Хабар 24.
Щучинск – Нұр-Сұлтан тасжолынан жылына миллиардтаған қаржы түседі. Бірақ бұл жолға соңғы жылдары жүргізушілердің көңілі толмай жүр. Шағымның көбі қыс мезгілінде болады. Себебі аяз күшейіп немесе қар боратқанда, сондай-ақ көктайғақ болған кездері бұл жол жиі жабылады. Мәселен, жыл басынан бері айналасы үш айдың ішінде аталған автобанда 11 рет қозғалыс тоқтатылған. Сондай жағдайдың бірі жақында ғана болды. Асфальт бетінің көк мұз болуына байланысты бұл жол 12 сағаттан астам жабық тұрды. Салдарынан жүздеген көліктің кептелісі қалыптасты.
"Мұнда кеше кешкі сағат 7-ден бастап тұрмыз. Түні бойы көлікте түнедік. Жарайды, осындай жағдай болатынын ескеріп, осы маңайға дәретхана және басқа да қажеттіліктерді жасап қоюға болады ғой. Бірақ ол да жоқ. Ақылы жолға не үшін ақша төлеп отырғанымызды түсінбеймін. Мәселен, біз 1000 теңге, ал үлкен жүк көліктері 5200 теңге төлейді", - дейді көлік жүргізушісі Сергей Гаммер.
Жүргізушілердің айтуынша, күн бұрқасындатып, жолды қар басып, ақтүтек бораннан түк көрінбей жатса, оны түсінуге болады. Алайда жолшылар қазір қарапайым көктайғақпен күресе алмай отыр, деп налиды.
"Жарты метр қар жауса, арнайы техника тазалайды. Бірақ мұзды еріту үшін тұз, құм себу керек", - дейді жолаушы Нияз Юнусов.
Ал аталған жолға жауапты "Қазавтожол" мекемесінің мамандары болса, "біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз" дейді. Ал ақылы жолдың жабылуы тек күн райының құбылуымен ғана байланысты. Сондықтан оған қарсы дәрменсіз екендіктерін айтады.
"Нұр-Сұлтан-Щучинск тасжолына бізде 3 мекеме қызмет көрсетеді. Олар Щучинск, Ақкөл және Шортандыда орналасқан. Аталған кәсіпорындарда 41 арнайы техника бар. Жұмысшылар қажет кезде құмын сеуіп, жолдың қарын тазалап отырады. Яғни жолды күтіп ұстауға күшіміз толық жетеді. Тек ауа райына байланысты ғана жолды уақытша жаба тұруға мәжбүрміз. Әйтпесе біздің тараптан кемшілік жоқ", - дейді "Қазавтожол" ҰК АҚ Ақылы жолдар дирекциясының бас инженері Қанат Сәдуақасов.
Бас инженердің сөзінше, жыл сайын көліктерден түскен қаржының 1 миллиардтан теңгеден астамы аталған трассаны күтіп ұстауға жұмсалады. Бұл қаражат қомақты боп көрінгенмен жолды жыл бойы қарауға әрең жетеді дегенді алға тартты.