Оқиға

Қосшыда мас ер адам саунада істейтін әйелді ұрып-соқты – видео

Әлеуметтік желілерде мас ер адамның сауна қызметкерін ұрып жатқаны түсірілген видео тарады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik. Ақмола облысының полициясы Қосшы саунасында қызметкерді ұрып-соққан ер адамды ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Видеодан екі ер адамның саунада демалып отырғанын көруге болады. Олардың бірі қызмет ақысын төлеуді сұраған қызметкерге жұдырық ала жүгірген. Қатты соққыдан әйел, тіпті, еденге құлаған.
Ақмола облысы полиция департаменті бұл фактіні растады. Оқиға 2 сәуірде Қосшыдағы сауналардың бірінде болған.
"Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-тармағы (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.
Бейнежазбаға түсіп қалған ер адамдар ішімдік ішкен. Сағат 07.30 шамасында мекеменің басқарушы директоры, Қосшының 31 жастағы тұрғыны қызмет ақысын неге төлемегенін білу үшін төменге түседі. Сол сәтте клиенттердің бірі оны еш себепсіз ұра бастаған.
"Жедел іздестіру шаралары кезінде Қосшыеның 44 жастағы тұрғыны, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының 36 және 37 жастағы тұрғындары анықталды. Соңғысы қызметкер әйелді соққыға жыққан. Ол ұсталып, Целиноград ауданының уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.