НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik. Қазақстан құрамасы Сербияның Белград қаласында өткен халықаралық Бранко Пешича мемориалы турнирінде бір алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sports-kz.
63,5 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген Мұхаммедсабыр Базарбайұлы ғана алтынан алқа тақты. Ал Олжас Байниязов (54 келі), Нұржан Аманкелді (71 келі) және Ильяр Әшіров (75 келі) күміс жүлдеге ие болды.
Әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов (51 келі) қоланы қанағат тұтты.
Одан бөлек, Қуаныш Дүйсенбай (51 келі), Дәулет Молдашев (54 келі), Оразбек Асылкұлов (57 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Дәулет Нысан (67 келі), Армат Арманұлы (71 келі) және Мәди Әміров (86 келі) үшінші орыннан көрінді.
Жалпы, Белградқа 21 қазақстандық боксшы – 20 ер адам және бір қыз барған. Ал Олимпида жүлдегері Сәкен Бибосынов "Thailand Open" халықаралық турниріне аттанды. Қазақстандық боксшы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті.
Сондай-ақ, Серік Теміржанов пен Аяттола Тәкіжанов бірінші айналымнан өтті.
Ал Нұрбек Оралбай 82 келі салмақ дәрежесінде жеребе бойынша бірден жартылай финалдан бастайды. "Thailand Open" халықаралық турнирінде тағы Санатәлі Төлтаев, Сұлтан Мусинов, Асланбек Шымбергенов, Тимур Нұрсейітов, Айбек Оралбай мен Сағындық Тоғамбай өнер көрсетеді.