НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik. Қостанай облыстық полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков желіде тараған ақпараттан кейін концерт өткізуге келген Қайрат Нұртасқа өзі барып, қал-жағдайын біліп қайтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстың бас полицейге WhatsApp мессенджері арқылы Қостанай қаласында танымал әнші Қайрат Нұртасты қатыгездікпен ұрып кеткені туралы хабар түскен. Тіпті, "полиция бастығының өзі түсініктеме берді" деген ақпарат та болды.
"Бүгін Қайрат Нұртастың жағдайы жақсы екенін білу үшін арнайы барып кездестім. Бірге түскен фотомыз соның дәлелі. Қазіргі кезде полиция фейк ақпараттың авторын іздестіруге кірісті", - деп жазды Омарбеков әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетері, танымал қазақстандық әнші Қостанай қаласына концерт өткізуге келген.
2 сәуірде ол жастар сарайында өнер көрсетті. Концертке барлығы мың билет сатылған болатын. Бағасы – 3-10 мың теңге.