НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір халқымен кездесіп жүр. Осы жолы аймақ басшысы қабылдауына келетін адамдардың көбісі не сұрайтынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Адамдар жеке қабылдауыма келгенде өздерін немесе отбасы мүшелерін мұнай-газ саласына жұмысқа тұрғызуды сұрайды. Бірақ мен қазіргі тәртіп - жұмыспен қамту орталығының кезегінен аттай алмаймын. Кезекте тұрған адамдарға әділетсіздік жасаймыз ғой. Бұл маңызды бір мәселені түсінуіміз керек. Облыстың барлық тұрғынын мұнай-газ саласына тұрғызу мүмкін емес", - деді Ноғаев.
Әкімнің айтуынша, өңірде шағын және орта бизнестің қатысуымен кәсіпорын ашып, басқа салаларда жұмыс орындарын құру шаралары жалғаса береді. Ал еңбек даулары да, жұмысқа тұрғызу мәселесі де заң аясында шешіледі.
Айта кетері, бұған дейін Ноғаев Жаңаөзен қаласына барғанда Рахат пен Теңге ауылдарының халқымен кездескен. Сол кезде аймақ басшысы балалардың болашағын тек мұнай-газ саласымен байланыстырмау қажеттігін айтты.
"Біз қазіргі уақытта болашақты мұнай-газ саласымен ғана байланыстыру дұрыс емес екенін түсінуіміз керек. Перспективалы салалар бар. Ол ауыл шаруашылығы, теңіз ісі, IT маманы. Өскелең ұрпаққа мұнай саласынан бөлек жеке әлеуеті мен дарынын ашуына мүмкіндік беруіміз керек. Сонда ғана біздің балалар бәсекеге қабілетті болады", - деп атап көрсетті Ноғаев.
Осы орайда әкім ата-аналарды балаларына сұранысқа ие мамандықтарды таңдауына көмектесуге шақырды.