НҰР-СҰЛТАН, 3 сәуір – Sputnik. Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері алты елді мекенде 85 тұрғын үй мен 15 саяжай үйі, екі әлеуметтік нысан еріген қар суының астында қалды. Соңғы мәлімет бойынша екі жүзге жуық адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Павлодар және Ақтөбе облыстарында 43 үйден су бұру жұмыстары жүргізілген.
"196 адам эвакуацияланды, соның ішінде соңғы тәулікте 74 адам қауіпсіз жерге көшірілді. 139 адам уақытша эвакуациялау пунктеріне, 57-сі туысқандарының үйіне орналастырылды", - деп мәлімдеді ТЖ министрлігі.
Осы тәулікте 5 тұрғын үй мен 15 саяжай үйін, республикалық және бір облыстық маңызы бар автожолдың 3 учаскесін су басты.
Комиссиялық тексеру барысында Батыс Қазақстан облысының Шалғын кентінде тағы 4 үйді су басып, 15 бас ұсақ мал қырылғаны анықталды.
Соңғы тәулікте Қарағанды облысының Теміртау қаласында Мырза станциясында 1 үй еріген қар суының астында қалды. Жеті адам, соның ішінде 5 бала эвакуацияланды.
Қазір су басқан нысандар мен автожолдар бақылауда.
Өңірлерде жергілікті атқарушы органдар мен ТЖ министрлігінің күшімен 2 270,4 мың м³ еріген қар суын сору, инертті материалдары бар 21 891 қап төсеу, сондай-ақ 250 м² алқапта өзендерде мұз кесу жұмыстары жүргізілді.
Қазгидромет болжамынша алдағы тәуліктерде Ақмола, Ақтөбе, ШҚО, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО және Нұр-Сұлтан қаласында жаңбыр мен қар түрінде аздаған жауын-шашын түседі. Ауа температурасы көтеріледі.