Қоғам

Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады

Президент Қазақстан халықтың ырыс-ынтымағы арқасында кез-келген қиындықты еңсеріп, болашаққа сеніммен қадам басатынын айтты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Президент қасиетті айда азаматтарымыз рухани тазарып, жан дүниесін жаңғыртып, жақсылық жасайтынын атап өтті.
"Рамазан айында имандылық, жанашырлық және мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтардың қадірі арта түседі. Исламның гуманистік идеалдары еліміздегі береке мен бірлікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін маңызды рөл атқарады", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқымыздың ырыс-ынтымағы арқасында кез-келген қиындықты еңсеріп, болашаққа сеніммен қадам басатынын айтты.
Президент ораза айында бүкіл мұсылманның жүрегін қуаныш кернеп, жұртымыз татулық пен тыныштыққа бөлене беруін тіледі.
Еске салсақ, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – қасиетті Қадір түні.
Пітір садақа мөлшері – 500 теңге.
ҚМДБ жанынан оразаға қатысты сұрақтарға тәулік бойы жауап беретін Діни ақпарат беру орталығы ашылды. Орталық нөмірі – 33-30-30. Оған Нұр-Сұлтан қаласының коды арқылы телефон шалуға болады.
Биылғы Ораза кестесін мына сілтеме арқылы көре аласыз.