НҰР-СҰЛТАН, 2 сәуір – Sputnik. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында Қызылтөбе және Дәулет ауылының тұрғындары шенеуніктерді күтпей, шұрық жолға өздері асфальт төседі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Lada.kz порталына сілтеме жасап.
"Жаңа Қазақстанды өзіміз құрмасақ, үкіметтен қайыр болмай тұр. Есеп беру жиналыстарында айтылып жатыр. Әкімшілік білмейді емес, біледі, өте жақсы біледі. Амал жоқ, мына жер қауіпті аймақ болғасын қайғылы оқиға болмас үшін осылай Қызылтөбе мен Дәулет ауылының тұрғындары ұйымдасып, қалтамыздан ақша шығарып, асфальтты тегістеп жатырмыз", - дейді тұрғындар.
Олар аудан әкіміне де осы мәселені талай рет айтқанын, бірақ жолдың уақытында жасалмағанын жеткізді.
Жөнделген жол екі ауылды қосып отыр. Тұрғындар 280 мың теңге жинап, арнайы техниканы жалдап, шамамен 20 метр асфальт төседі.
Мұнайлы ауданының әкімдігі болса, жолды жөндеу жұмыстары жоспарда бар екенін мәлімдеді.
"Биыл аудандық маңызы бар жолдардың 91 шақырымын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Мердігер компаниямен 21 миллион теңгеге келісімшарт жасалады. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттыр толығымен дайын. Мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Осыдан кейін бізге қаржы түседі, жөндеу жұмыстарын бастаймыз", - деді әкімдік қызметкерлері.