Қарағандыда сатушы қыз дүкенді тонауға келген жігітті қашуға мәжбүрледі

26 жастағы сатушы қызды белгісіз біреу қорқытып, кассадағы 25 мың теңгені алып кетпекші болған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Қарағандыда дүкен кассасындағы ақшаны тартып алмақ болды деген күдікпен 29 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
28 наурыз күні сағат кешкі 20.00 шамасында Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне белгісіз біреу осы аумақта орналасқан азық-түлік дүкендерінің бірінің сатушысын тонамақ болғаны туралы хабарлама түсті.
Оқиға орынына бірден сол аумақта жүрген патрульдік полиция полкінің жасағы жіберілді.
Полиция қызметкерлеріне 26 жастағы сатушы қыз белгісіз біреу қорқытып, кассадағы 25 мың теңге ақшаны алып кетпекші болғанын айтқан. Алайда сатушы қарсылық танытқаннан кейін күдікті оқиға орынынан қашып кеткен.
Кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы азамат ұсталды. Ол кінәсін мойындады.
Аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 24-191-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматыдағы дәріханалардың бірінде ер адам қыздың сырғасын шешіп алған