НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Ақтөбе қаласында мектептен келе жатқан оқушы қыз арықтың құдығына түсіп, батып кете жаздады.
Әлеуметтік желіде осы оқиғаның видеосы тарап кетті, деп хабарлады Sputnik Қазақстан Диапазон порталына сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, 31 наурызда Батыс-2 шағын ауданындағы "Арбат" тұрғын үй кешені маңайында сел тасқыны болған.
Сол кезде тротуармен келе жатқан оқушы қыз арықтың шетімен өтіп кетемін дегенде суға құлаған. Оны ағыспен алып кетті.
Видеода қыздың басы мен арқасындағы сөмкенің шеті көрініп тұр. Қолын бұлғап, көмекке шақырып жатыр. Алты ер адам оны мұздай судан әрең шығарып алды.
Айта кетері, Ақтөбе қаласының бірнеше жерінде сел тасқыны болған. Әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, қардың бәрі шығарылған. Қалаға даладағы су кіріп жатыр.
Қазір бірнеше жерде тосқауыл қойылды. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қала әкіміне ұрсып, "қаланың суы ма, даланың су ма, халыққа бәрібір" деді.