Алматы түбіндегі Құлжа тасжолында жаяу жүргіншіні көлік қағып өлтірді

Жүргізуші мен оның жолаушысы ауруханаға жатқызылды
Sputnik
ТАЛДЫҚОРҒАН, 1 сәуір – Sputnik. Алматы облысында Lexus ES300 көлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, кейін жол жиегіндегі ағашқа соғылды.
Алматы облысының полицейлері түнде жолды кесіп өтпек болған 29 жастағы ер адамның оқиға орнында қаза болғанын хабарлады.
22 жастағы Алматы тұрғыны "Алматы-Көкпек-Көктал" автожолының 29 шақырымында рөлге ие бола алмай, жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Көлік жол жиегіне шығып кетіп, ағашқа соғылған.
"Жаяу жүргінші көз жұмды, ал шетелдік көліктің жүргізушісі мен оның жолаушысы жарақат алып, ауруханаға жатқызылды", - деп хабарлады Алматы облысы полициясының баспасөз қызметі.
Қылмыстық кодекстің 345-бабының үшінші бөлігі бойынша қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.