НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Президент жалақыны көтеруге мораторий енгізгеннен кейін министрлер мен депутаттардан ешқандай шағым түспеген. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
11 қаңтарда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелері, депутаттар мен әкімдердің айлығын көтеруге мораторий енгізді.
"Менің ойымша, жоғарыда аталған мемлекеттік қызметшілер санатының жалақысы әбден жеткілікті. Сондықтан үкімет мүшелері, өңір әкімдері мен депутаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялау мүмкін деп санаймын", - деді Тоқаев.
Серік Шәпкеновтің айтуынша, осы шешімнен кейін шенеуніктер тарапынан ешқандай шағым түспеген.
"Шағым болған жоқ. Мен президентті толығымен қолдаймын. Қазіргі таңда министрлердің жалақысы, менің ойымша, жеткілікті", - деді ол.
Журналистер министрден мораторийден кейін шенеуніктердің қызметтен кету үрдісі байқалмай ма деп сұрады. Еңбек министрлігінің басшысы әріптестері үшін жауап бере алмайтынын және әрбір шенеунік өзі шешетінін атап өтті. Бірақ Шәпкенов өз табысының жеткілікті екенін айтты.
"Министрлер де адам ғой, инфляция да оларға әсер етеді. Оларда арзан азық-түлік жоқ. Сол себепті, әрине, әсер етеді. Бірақ, менің ойымша, бүгінгі таңда менің жалақым ақылға қонымды. Сол себепті ол жеткілікті", - деп нақтылады министр.
Айта кетері, қазақстандық министрлердің айлығы 900 мың теңгеден басталады. Облыс әкімдері 1,8 миллион теңге табады. Парламент депутаттарының жалақысы 600 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін барады. Ал Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 2022 жылғы ақпан айының басында 275 580 теңгені құрады.
Бұған дейін Шәпкенов жұмыс берушілерден қазіргі инфляцияны ескеріп, қарамағындағы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді сұраған болатын.