АЛМАТЫ, 31 наурыз – Sputnik. Жеміс ағашының гүлі үсіп кетпеуі үшін ауа температурасы күндіз +10C...+15C деңгейінен төмен түспей, түнде +4C...+5C шамасында болуы керек.
Алайда былтырдан бері шаруалар табиғаттың түрлі мінезімен бетпе-бет келді. Сәуірде жауған қардан былтыр өрік үсіп кетті. Биыл бағбандар бүршік жарған гүлдерді сақтап қалуға тырысып жатыр.
Sputnik Қазақстан тілшісі оңтүстіктегі шаруалардың жай-күйімен танысты.
Жемісті сақтап қалудың екі жолы бар
Бақтияр Тағаев – Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бөржар ауылдық округінде 40 гектар жерге алма және сүйекті жеміс ағаштарын еккен. "Александровский сад" жауапкершілігі шектеулікті серіктестігін басқарып отыр, қол астында тұрақты түрде 20 адам жұмыс істейді.
Фермер шаруашылығына тамшылатып суару технологиясын енгізген. Қазір бапталған бақта алма, өрік, қара өрік, шабдалы, шие ағаштары бар. Күн жылыған кезде сүйекті жемістер бірден бүршік жарған, алайда наурыздағы суық шаруаларды біраз әбігерге салды.
"Биыл ауа райына байланысты ылғал көп болып тұр. Шамадан тыс жаңбыр жауды. Қыстың аяғы, көктемнің басындағы суықтан сүйекті жемістердің гүлін үсік ұрып кету қаупі жоғары. Биыл өнім көлемі екі есеге азайып кетуі де мүмкін. Түркістан облысында қазір де күн суық. Өнімнің сапасы ауа райына тікелей байланысты – күн жылы болса, жақсы гүлдейді, соған сай жақсы өнім береді", - дейді Бақтияр Тағаев.
Оның сөзінше, көктем кезінде ағаштар жақсы гүлдеуі үшін ауа температурасы күндіз +10C...+15C-тан төмен түспей, түнде +4C...+5C болуы керек.
"Қазір тек жаңбыр жауып жатыр. Жаңбыр жауған сайын жемістің гүлін шайып кету қаупі де артады. Түнде ауа температурасы минусқа түседі, ол жемістің үсіп кетуіне әкелетін бірден-бір фактор", - дейді фермер.
Шаруалар жұмысының біраз бөлігі ауа райына байланысты болғандықтан күн райын бақылап отырады. Соған сәйкес суық күндерге ертерек қамданады.
"Ертерек агротехникалық жұмыстарды орындауға тырысамыз. Кейде ауа райының қолайсыздығына байланысты ол жұмысты істей алмаймыз. Күн суытады деген хабар алғаннан түнгі температура бақыланады. Жемісті, гүл көздерін сақтап қалу мақсатында ең алдымен арнайы тыңайтқышты шашамыз. Ол суық ауа райынан екі күн бұрын көшетке шашылады. Екінші жолы – от жағу арқылы жылу беру. Мұның бәрі 100 процент кепілдік бермейді, бірақ өнімділікті сақтауға көмегі бар", - дейді ол.
Шаруалар биыл наурыздың басында екі тәсілді де қолданған. Алдымен арнайы дәріні шашқан, күн суытқан кезде түтін шығарған. Бұл жұмыс кешке басталып, таңға дейін жалғасады. Оның нәтижесі гүл көздері түсіп, жеміске айналатын бір апта ішінде белгілі болады. Шаруаның айтуынша, бағындағы гүлдің 80%-і жеміс беруі мүмкін.
"Тыңайтқыштың бағасы шаруалар үшін қымбат. Себебі ол шетелден импортталады. Бір литрін 5 мың теңгеден сатып алдық. Ал бізге 300 литр, кейде 400 литр керек. Ал күн суыта берсе, екінші рет себу қажет. Толассыз жауған жаңбыр сол тыңайтқышты шайып кетеді. Бұл жағынан да шығын бар", - дейді ол.
2021 жылдың аяғында Түркістан, Алматы, Жамбыл облысында жеміс өсіру, сақтау, сатумен айналысатын кәсіпкерлердің басын қосатын "Қазақстан бақтары" консорциумы құрылған. Оның төрағасы Нұрлан Құраловтың айтуынша, оңтүстік өңірде гүлдеп үлгерген жеміс ағаштарының 20%-і үсіп кетті.
"Табиғат болғандықтан, ауа райы әртүрлі болады. Былтыр сәуірдің басында қар жауған соң жемістерді суық ұрып кетті. Ал биыл жемістің қанша бөлігі үсіп кеткенін нақты айта алмаймыз. Себебі жаңбыр әлі де жауып жатыр. Гүлдеп тұрған шабдалы, өрік, қара өрік секілді жеміс ағаштарының 20%-і үсіп кетті деуге болады", - деді Құралов.
Ал фермер Бақтияр Тағаев былтыр өріктің барлығы үсіп кеткенін айтты. Шабдалы мен шиені сақтап қалдық. Алма қалды. Себебі алма сүйекті жемістерге қарағанда кештеу оянады, суыққа төзімді келеді. Алманың 90-95%-і жеміс берді, дейді Бақтияр Тағаев.
Шаруашылықтағы шешімін таппаған мәселелер
"Қазақстан бақтары" консорциумы төрағасы елімізде агросақтандырудың болмауы шаруалар үшін басты мәселенің бірі екенін айтты.
"Бау-бақшаны сақтандыруды енгізу қажет. Сақтандырумен айналысатын компаниялар бар, ауылшаруашылығы министрлігі солармен келісіп, жемістің белгілі бір бөлігі үсіп кетсе, соны өтеу бойынша келісім орнатуы қажет. Әрине, шаруалар шығынның толық өтелгенін қалайды, екінші тарап өз ұсынысын айтып, ортақ келісімге келуге болады", - дейді ол.
Фермер Бақтияр Тағаев ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке ауыл шаруашылығындағы өнімді, арнайы қоймаларды сақтандыру, ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдығын сақтандыру мәселесі туралы айтқанын жеткізді.
Шаруаның сөзінше, министр келер жылы осы бойынша реформалар жүргізілетінін айтқан.
Алайда салада бұдан басқа да қордаланған мәселе бар. Бақтияр Тағаев соның бірқатарына тоқталды.
"Ауыл шаруашылығы саласында кредит беру шарттары шаруаларға қолжетімсіз болып отыр. Яғни, берілетін кредиттің проценті жоғары – шаруа шаруашылығын ашу үшін 17%-пен қарыз алады. Бұл – бірінші. Екінші мәселе - кредит алу үшін кепіл қою. Мұнда алынатын кредит сомасына 120% кепіл қою керек. Кепіл құны да төмен бағаланады. Әсіресе шаруа жерін кепілге қойған кезде қаржы институттары оны өте төмен бағалайды", - дейді ол.
Сондай-ақ шаруа кредит алатын кезде көп құжат сұралатынына да наразылық білдірді.
"Ауыл шаруашылығында түрлі мәселе болады. Ауа райына байланысты өнім үсіп кетеді. Сондай кезде фермердің дәлелді себебі барына қарамастан, қаржыландыру институттары оларды қолдау позициясын ұстанбайды. Яғни, нақты себебі болғанына қарамастан, кредитті уақытында өтей алмайтын шаруаға кредит уақытын шегеруге мүмкіндік қарастырылмаған", - дейді ол.
Бұл саладағы тағы бір мәселе – шетелден әкелінетін тыңайтқыштарды сатып алуға мемлекеттен субсидияның бөлінбеуі.
Оны шаруашылық алдын ала сатып алады, енді бірінің қаржылық жағынан қауқары жетпейді.
Шаруалар оңтүстік өңірлерде алма, өрік, қара өрік, жүзім өсіруге ауа райы қолайлы екенін айтады. Енді келешекте жаңғақ ағашына арналған ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарлама қажет деп отыр.