НҰР-СҰЛТАН, 1 сәуір – Sputnik. Қазіргі жағдайда мәселе Украина мен Ресейдің тағдырына ғана емес, бүкіл әлемнің болашағына қатысты болып отыр. Бұл әлем ядролық соғыс қарсаңында тұр деген сөз емес, деп жазды РИА Новости.
Анығында, дәл қазір болашаққа таңдау жасалатын сәт туып отыр, адамзат қалай дамитыны және халықаралық қарым-қатынас пен әлемдік экономика қалай құрылатыны анықталып жатыр. Мұны тек Ресей, Қытай немесе басқа да батыстан тыс әлем ғана емес, англосаксондардың өздері де түсініп отыр. Осы орайда ресейлік БАҚ АҚШ-та жарық көрген мақалаға тоқталды.
"Жаһанданудың екінші дәуірі қарқынды түрде тарихқа айналып жатыр. Украинада не болып жатқанына қарамастан, егер дәл қазір жылдам шешім қабылдап, жедел әрекетке көшпесе, әлем бір-біріне жау лагерьлерге жіктеледі. Бұл әлемге Батыстың көңілі толмайтыны анық".
Бұл – Bloomberg басылымында жарық көрген мақаладан үзінді. Авторлары – Bloomberg Newsбас редакторы, The Economist бұрынғы бас редакторы Джон Миклетвэйт және The Economist қызметкері Адриан Вулдридж.
"Егер АҚШ пен оның одақтастары жұмыла кіріспесе, онда жаһанданудың екінші ұлы ғасыры апатты аяқталатын түрі бар", - деп жазылған мақала басында.
Алғашқы жаһандану Бірінші дүниежүзілік соғыспен аяқталды. Ал қазіргі жаһандану қаупі 1914 жылғымен тең түсейін деп тұр. Бірінші жаһандану неге ақталды? Bloomberg авторларының пікірінше, сол кездегі элита жақын болашақты ғана ойлап, Германияның үстемдігі салдарынан жаһандық қақтығыс қалыптасып жатқанын байқамады.
Миклетвэйт пен Вулдридж жаһандануға соңғы жиырма жыл бойы шабуыл жасалып жатқанын айтты. Бұл 2001 жылдың 11 қыркүйегінен, 2008 жылғы қаржы дағдарысынан және 2016 жылы Трамптың президент болуымен қатар алғанда Brexit оқиғасымен сипатталады.
"Ресейдің Украинаға қарсы операцияға көшуі жаһандануға жасалған әлдеқайда ірі және шешімді шабуыл болып отыр. Себебі экономикалық байланыстар күрт үзілді. Бидай мен никельден бастап, титан мен мұнай сынды негізгі шикізат пен тауар жеткізу тізбегі бұзылды. Батыс Ресейді әлемдік экономика жүйесінен шығару үшін қолдан келгенін жасап жатыр. Қазір Ресейді Дүниежүзілік сауда ұйымынан шығару талқыланып жатыр деген сыбыс тарады", - деп жазылған Bloomberg басылымында.
Бірақ Батыс Ресейге қарсы санкциялар енгізіп, ресейліктердің активтерін бұғаттау арқылы әлемді өзі қақ жарып тұрған жоқ па? Миклетвэйт пен Вулдридж бұл оймен дауласпайды. Бірақ осы іс-қимыл арқылы Батыс Ресейді тежеуге тырысып жатыр деп ақтамақ болған.
Америкалық басылымдағы мақала авторлары Брюссельде жиі бас қосқан саясаткерлер жаһандық тәртіпті бұзуды көздемейтінін жазған. Мұның барлығы Путиннің әлемдік сауда мен қаржы ағынын бұзуға тырысқан әрекетіне қарсы жауап болып отыр. Бірақ АҚШ президенті Джо Байденнің кейбір мәлімдемелерінен жаһандануға, жаһандық экономикаға қарсы ойды аңғаруға болады. Себебі ол "барлығы, авиатасымалдаушы палубасынан бастап тас жолдардағы қоршауларға дейін бастан-аяқ Америкада дайындалатынын" айтты.
АҚШ басылымында Украинадағы дағдарыс геосаясат пен капиталистік көзқарастағы өзгерісті үдетіп отырғаны жазылған. Ал геосаясаттағы өзгерістер қарқынды дамып жатқан Қытайдың мызғымас, орталық геосаяси факторға айналуына алып келеді.
"Сондықтан қазір біз жылжып жақындап келе жатқан ақырғы сәт автократиялық Шығыстың бізден бөлініп, артынша демократиялы, бірақ жікке бөлінген Батысты айналып өтуіне себеп болады", - деп жазды Миклетвэйт пен Вулдридж.
Осылайша қос автор жаһандану мен Батысты құтқару үшін жалғыз шешім бар екенін көрсеткен. Ол – жұмылу, күш біріктіру. Бірақ сөз жүзінде немесе ұран түрінде емес, экономикалық тұрғыда бірігу керек дейді. Яғни бірыңғай жүйе құру қажет екен.
"Байден АҚШ одақтастары арасында экономикалық өзара тәуелділікті кеңейту геостратегиялық императив екенін мойындауы керек. Ол Еуропаға еркін сауда туралы жалпыға ортақ келісім ұсынып, батысты біртұтас етуі қажет", - деген Bloomberg авторлары бұл кері қайтарылған Трансатлантикалық сауда және инвестициялық серіктестіктің өзгертілген нұсқасы болуы мүмкін екенін жазды.
Осылайша екі саты ұсынылып отыр: алдымен АҚШ пен Еуропаны бірыңғай экономикалық организм етіп біріктіру және одан соң оған Латын Америкасы мен Азияның бір бөлігін қосу. Олардың ойынша, бұл Қытай, Ресей және оларды қолдайтын елдерге қатысты басымдық береді.
Іс жүзінде бұл англосаксондарша жаһандануды жалғастырып, одан бірнеше елді шеттетуді көздейтін жоспар. Қалай болғанда да, Миклетвэйт пен Вулдридж де жаһанданудың қазіргі жобасы "істен шыққанын" мойындап отыр. Бұл батыстық емес елдердің наразылығы және Батыс ішіндегі келісімнің жоқтығымен сипатталады.
Шындығында, Трансатлантикалық серіктестік жобасы Трампқа дейін-ақ құлдыраған болатын. Өйткені Еуропа трансұлттық компаниялар мен элиталарға "яғни, англосаксондарға" толық тәуелді болуды қаламады. Олай болса Еуропаның өз ойын өзгертуге қазір не себеп болуы мүмкін? Батыстың жаһандануды жалғастыру үшін үшінші мүмкіндігі де сәтсіз аяқталатын түрі бар, деп жазды РИА Новости.