НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз — Sputnik. Атырау облысының Сағыз ауылында үйлерді су басу қаупі туындады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 наурызда 23:00-де Сағыз стансасының тұрғынынан Ноғайты өзенінде су тасу қаупі төнгені туралы хабар түскен.
Осыған байланысты №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына барып, Ноғайты өзенінде су деңгейі көтеріліп, арнасынан асқанын анықтаған.
"Соның салдарынан өзен іргесіне таяу орналасқан тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады. Су басу қаупі төнген тұрғын үйлер маңына құм төсеу арқылы бөгет орнатылды. Бөгет орнату жұмыстарын жүргізуге №12 өрт сөндіру бөлімінен 6 қызметкер мен 1 техника, Сағыз ауылдық округі әкімдігінен 25 адам мен 2 техника, Қызылқоға аграрлы техникалық коллежінен 1 адам мен 1 техника, еріктілерден 2 адам мен 2 техника жұмылдырылды", -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қызылқоға аудандық әкімдігінің мәліметінше, Сағыз ауылында Ноғайты өзеніне таяу орналасқан үйлердегі тұрғындарды №9 мектеп пен аграрлы техникалық колледжге эвакуациялау жүріп жатыр.