НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыспен қамтуға арналған ақпараттық платформа іске қосылатынын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Вице-министр Ержан Біржановтың айтуынша, бүгінде қызмет көрсету саласында 900 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бірақ көбісі заңмен қорғалмаған. Себебі ресми түрде тіркелмеген. Ал келісімшарт жасалмағаннан кейін сотта өз құқығын қорғай алмай жатады. Жаңа мобильді қосымша арқылы бәрін заңды түрде жүргізуге болады.
"Қазіргі кезде біз платформалық жұмыспен қамту бойынша бағдарламалық өнімді жасадық. Оны тестілеуден өткізіп жатыр. Биыл енгізіледі. Kaspi қосымшасы бар ғой. Тура сол сияқты жұмыспен қамту платформасы болады. Мәселен, үй жинау, күзет, тапсырысты жеткізу және тағы басқа қызметтер бар. Жаңа қосымшада тіркелген адам тапсырысты жылдам таба алады", - деді Біржанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Қосымшада тіркелген жұмысшы мен тапсырыс берушінің құқықтары заңмен қорғалады.
"Платформаға тіркелетін адам барлық қажетті мәліметтерін енгізеді. Соның ішінде білімі, кәсіби дайындығы және тағы басқа ақпарат бар. Біз бәрін тексеріп тіркейміз. Ал тапсырыс беруші шақырған маманның жұмысына баға бере алады. Осылайша рейтинг жасалады", - деп атап өтті Біржанов.
Жаңа қосымша қазан-қараша айларында іске қосылады деп жоспарлануда.