НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Тараз қаласына қарасты Шөлдала шағын ауданының тұрғындары үш күннен бері жарықсыз отыр. Ол аздай, ауылдағы тұрмыстық техника түгел күйіп кеткен.
Мұнда 200 ге жуық түтін тұрады. Жұрт қала құрамына осыдан он жыл бұрын кірсек те, жарықтың жыры бітпеді дейді. Олардың айтуынша, жаңбыр жауып, сәл жел тұрса болды жарық сөніп, тұрмыстық техника жарамсыз күйге түседі. Қуат көзі мұнда қаладан емес, теміржол желісінен тартылған, деп хабарлады "Астана" арнасы.
"Кір жуу машинасы, лампалар, телевизор күйді. Есептеуішті ауыстырғаныма 2 күн болып еді, қайта күйіп кетті. Не істейміз? Бұған жауап беретін адам бар ма, жоқ па? Міне, бала-шағамен қара түнекте отырмыз. Бәрі қорқып отыр", - деп ашынды Тараз қаласының тұрғыны Рахия Тұрғынбаева.
"Менің теледидарымды төлеп берсін. Жарық екі күнің бірінде өшеді. Теледидар, тоңазытқыш күйеді. Бүкіл ауылдыкі күйіп кетті. Бұны сонда кім төлейді? Осылай қайта-қайта кредитке тоңазытқыш алып жүре береміз бе?", - дейді Алмагүл Омарова есімді тұрғын.
Шахар шенеуніктері шу шыққан жерге барған. Жұртпен жүздесіп, жарық жырын тыңдап сабырға шақырды. Жақын арада жаңа жарық желісіне қосып, сол арқылы тоқ беретіндерін айтқан. Қуат көзінің неліктен көбейгендігін анықтауға уәде етті.
"Біз бірінші анықтаймыз. Мамандар бізге анық-қанығын жеткізеді. Осы ауылда тартылған электр желісіне абоненттеу жүргіземіз. Есептеуіш, желі қосылады. Құдай қаласа шешіледі", - деп уәде берді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жайықбай Шалдаров.
Әкімнің орынбасары жарамсыз болып қалған тұрмыстық техникалардың өтемақысын төлеу үшін арнайы топ құрып, үй-үйді аралап тізімін шығарамыз деп отыр. Шығынды өздері емес тоқ беруші мекемеден өндіріп береміз деп сендірді.