Өңірлер

Атырау облысында мал қырылып жатыр – видео

Бүгінде тағы үш аудан - Құрманғазы, Исатай мен Махамбетте мал қырылып жатыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 30 наурыз – Sputnik. Атырау облысының бірнеше ауданында мал өлімі тіркелді. Төрт түліктің неден қырылғаны әзірше белгісіз, деп хабарлады "Ақ Жайық" порталы.
Қызылқоға ауданындағы "Ойтаң" шаруа қожалығында белгісіз аурудан 200-ден астам қой мен 10 бас сиыр өлді.
Шаруа қожалығының өкілі Айбар Ерекешовтың айтуынша, малдың өлім-жітімі ақпан айының ортасында басталды. Содан бері бір жарым ай өтті. Төрт түлік күн сайын қырылып жатыр.
"Ауыздарынан көбік шығады, ештеңе жемейді. Не ауру екенін білмеймін. 25 ақпанда облыс орталығында өткен кеңесте үй жануарлары арасында белгісіз ауру тарап жатқанын айтқанмын. Комиссия жіберуді сұрадым. Бірақ ешкім келмеді. 26 наурызда ғана келді. Акт жасады, ауру және өлген малдың қанын, асқазанынан сынама алды", - дейді Ерекешов.
Шаруалар қырылған малды өз күшімен көмуге кірісті. Бүгінде тағы үш аудан - Құрманғазы, Исатай мен Махамбетте мал қырылып жатыр.
"Наурыз айында бізде он жылқы өлді. Тұра алмай жатты. Әлсіз болды деп айта алмаймыз. Семіз мал болған. Қандай ауру екенін білмей отырмыз. Үш күн бұрын сынама алып кетті. Нәтижесі қай кезде болатынын білмейміз", - дейді "Мутиев Ғ. Д." шаруа қожалығының басшысы Биғали Мутиев.
Құрманғазы ауданының тұрғындары да жерден тұра алмай жатқан жылқыларды көрсетті.
"Міне, күйі жақсы. "Кенеден болып жатыр" деген әңгіме шықты. Үстінде ешқандай кене де, ештеңе де жоқ. Міне, тұра алмайды, аяғын баса алмайды. Осыған облыс әкімі де, аудан әкімі де тиісті шара қабылдамай жатыр", - дейді шаруалар.
Аудан тұрғыны Самат Елемесовтың айтуынша, ауру жылқылар тұра алмай, жата береді. Одан кейін тынысы тарылып өлген.
Шаруалар ауру малды тездетіп союға тырысып жатыр. Бірақ аурудың адамның денсаулығына қаншалықты қауіпті екені белгісіз.
Қазіргі кезде облыстық ветеринария басқармасының басшылығы Құрманғазы ауданында жүр. Осы сапардың нәтижесі бойынша ақпарат таратылады. Бірақ басқарма мамандары малдың жаппай қырылуы жоқ дейді. Өлім-жітім бірен-саран жерде ғана тіркелген.
Исатай аудандық ветеринарлық станцияның бастығы Аманжол Рахметовтың айтуынша, теңіздің жағалауында табыннан қалып қойған бірнеше жылқы анықталды.
"Қазіргі кезде ветеринар дәрігерлер екі фермерге тиесілі төрт жылқыны емдеп жатыр. Мал өте әлсіз, қатты арықтап қалған. Үй жануарларынан қан сынамасы алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға, сондай-ақ, Ұлттық референттік ветеринария орталығына жіберілді", - деп атап көрсетті Рахметов.
Құрманғазы ауданының басшылығы ауру малды неозидинмен, глюкозамен және дәрумендермен емдеп жатқанын хабарлады. Ал Қызылқоға ауданында сиыр мен қойлар ринотрахеиттен және вирустық диареядан емделген.