Қазақстан президентінің қандай өкілеттіктері қысқарады

Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары басшысы лауазымын атқаруға тыйым салынады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров суперпрезиденттік басқару формасынан бас тарту аясында президенттің қандай өкілеттіктері қысқаратынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Президенттің саяси реформалар жайлы жолдауын іске асыру жөнінде Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары әзірленді. Құжатта "Президенттің өкілеттіктері туралы" бірінші бағыт бойынша 3 іс-шараны іске асыру көзделген.
"Президент өкілеттіктерін шамадан тыс шоғырландырудан бас тарту мақсатында заңнамаға бірқатар түзету енгізіледі", - деді Қуантыров үкімет отырысында.
Олар:
президенттің өз өкілеттіктерін атқаруы кезінде саяси партияға мүшелігін тоқтату;
президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары басшысы лауазымын атқаруына тыйым салу;
президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдері актілерінің күшін жою немесе оларды тоқтата тұру жөніндегі құзыретін алып тастау;
аудан, облыстық маңызы бар қала, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату құқығын жою.
Бұдан бөлек, министр партиялық құрылымдардың мемлекеттік аппаратпен бірігуіне жол берілмейтінін атап өтті. Ол үшін Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті, Конституциялық кеңес төрағалары мен мүшелері міндетті түрде партия қатарынан шығады.
Сондай-ақ әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қызмет атқаруға тыйым салынады.