НҰР-СҰЛТАН, 29 наурыз – Sputnik. Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус инфекциясы 17 адамнан анықталды, деп хабарлады COVID-19 індетін таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия.
Пандемия басталғалы бері барлығы 1 305 082 адамның коронавирус жұқтырғаны расталды.
Өткен тәулікте ең жоғары көрсеткіш Алматыда тіркелді – 11 науқас, Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының әрқайсында бір адамнан коронавирус жұқтырған, қалған өңірлерде ешкім ауырмаған.
2022 жылдың 28 наурызындағы жағдай бойынша Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін 9 451 240 адам, екінші компонентін 9 150 398 адам салдырды.
Еске сала кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қатысты жағдай тұрақтанды, санитар дәрігерлер карантин шараларын жеңілдетті – елде медициналық мекемелерден басқа нысандарда маска тағу талабы алынып тасталды.