Берік Уәли "Хабар" агенттігінің басқарма төрағасы болды

Sputnik
АЛМАТЫ, 29 наурыз – Sputnik. Берік Уәли "Хабар агенттігі" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Хабар 24" телеграм каналына сілтеме жасап.
Берік Уәли 2019 жылдың наурызынан бастап Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз хатшысы қызметін атқарып келді.

Берік Уәлидің өмірбаяны

Берік Уәли 1977 жылы туған. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын кинотанушы мамандығы бойынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын журналистика мамандығы бойынша, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын "Таң" телеарнасының тілшісі болып бастап, әр жылдары "31 арна", "Хабар", "Qazaqstan" телеарналарының редакторы және жүргізушісі болып еңбек етті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы "Нұр Медиа" медиа орталығын басқарған.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы, Жамбыл облысының ішкі саясат басқармасының басшысы болды.