АЛМАТЫ, 29 наурыз – Sputnik. Алматыда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясы кеңесінің жиыны басталды. Іс-шара ұйымның 30 жылдық мерейтойына арналған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Отырысты ТМД ПАА кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко ашты. Ол Қазақстан парламентіне, Алматы әкімдігіне іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс айтты.
"Бүгін ТМД ПАА-ның 30 жылдығы және тиісті өтінішті қабылдау мәселесі назарда тұр. Бұл іс-шараға орай естелік пошта маркасын шығару ойластырылды, ол пошта айналымына енді. Бұл қазір алдымыздағы үстелде тұр, бұл біздің парламенттік қоғамдастықта тағы бір дәстүрге айналды. Оны біздің бірлескен жұмысымыздың символы санаймын", - деді Валентина Матвиенко.
Қазақстан парламенті сенатының спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ТМД ПАА кеңесінің мерейтойлық отырысына қатысушыларға арнаған үндеуін оқып берді.
Мемлекет басшысы осыдан 30 жыл бұрын Алматыда парламентаралық ассамблея құру туралы тарихи келісімге қол қойылғанын еске салған.
"Ассамблея ұлттық заңнамаларды жетілдіруге, демократия мен азаматтық қоғамды дамытуға қомақты үлес қосып келеді. ТМД кеңістігіндегі сайлау процестерінің тәжірибесін жақсартуға, азаматтарымыздың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге парламентшілердің белсенді қатысуы жоғары бағаға лайық", - делінген хатта.
Айта кетері, 1992 жылдың 27 наурызында Алматыда Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан парламенттерінің төрағалары ТМД ПАА құру туралы келісімге қол қойды. Кейінірек оларға Әзербайжан мен Молдова қосылды.