НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі журналист, медиаменеджер Батыр Қазыбаевтың дүниеден өтуіне байланысты оның анасы танымал қаламгер, ұстаз Орынша Қарабалинаға көңіл айту жеделхатын жолдады.
"Ардақты ұлыңыз Батыр Кәкімжанұлы ақпарат саласында табысты қызмет етіп, ірі медиажобаларды жүзеге асырды. Отандық ақпарат порталдары, радио мен телеарналардың негізін қалап, еліміздің журналистика саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты", – деп жазылған президенттің жеделхатында.
Ол Қазыбаев өзінің табиғи қарапайымдылығымен, ұшқыр ойларымен және іскерлігімен елге сыйлы болғанын атап өтті.
"Өмірде адал еңбек етіп, өз ісінің білгір маманы ретінде соңына өшпес із қалдырған Батыр Кәкімжанұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды", - деп толықтырды мемлекет басшысы.
Еске салсақ, кеше, 27 наурызда журналист Батыр Қазыбаев өмірден өткені хабарланды. Tengrinews.kz негізін қалаушысы, Alash Media Group холдингінің басшысы болған маман ұзақ уақыт сырқаттанған. 53 жаста еді.