АЛМАТЫ, 28 наурыз – Sputnik. Енді "+77" және "+76" халықаралық кодтарынан түсетін қоңыраулар "Қазақстан" деп көрсетіледі. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.
"Apple компаниясымен бірге көпшілікті алаңдатқан бір мәселені реттедік – енді "+77" және "+76" халықаралық кодтарынан түсетін қоңыраулар іPhone-да "Қазақстан" деп көрсетіледі", - деп жазды Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, Apple компаниясы Қазақстанның өтінішін барынша жылдам қарастырып, ықылас танытқан.
"Осылайша iOS 14 қолдайтын iPhone 6 және одан кейінгі құралдардағы аталған проблема шешілді", - деп атап өтті министр.
Айта кетері, 2021 жылдың қыркүйегінде министр енді басқа мемлекетке қоңырау шалғанда шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығатынын мәлімдеді.
"БҰҰ жанындағы Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады", - деді министр.
Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады.
"Кезінде КСРО тарағанда +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген. Біз Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп келеміз. Осы келіссөздердің нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды бекітілді", - деп түсіндірді Мусин.
Цифрлық даму министрлігің хабарлауынша, Қазақстан жаңа ұлттық кодқа 2023 жылдың қаңтарынан ауысады деп жоспарланған. Одан кейінгі екі жылда жаңа және ескі кодты қатар қолдана беруге болады. Мемлекет жаңа кодқа 2025 жылдан бастап біржола ауысады.