НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз – Sputnik. "Орал" халықаралық әуежайының атауы Мәншүк Мәметова атындағы әуежай деп өзгертіледі. Тиісті үкімет қаулысына премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды.
"Орал" халықаралық әуежайы" жауапкершілігі шектеулі серіктестікке Мәншүк Мәметованың есімі берілсін", - делінген құжатта.
Қаулы ресми түрде алғаш жарияланған күннен бастап күшіне енеді.
Былтыр күзде қоғам белсенділері мен облыстық мәслихат депутаттары әуежайға Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың есімін беруді ұсынған болатын.
Мәншүк Мәметова – Орал облысының (қазіргі Батыс Қазақстан) тумасы, Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ қызы.
Ол Қызыл Армияда пулеметші болды. Мәншүк Мәметова соңғы шайқаста 70-тен астам қарсыластың көзін жойып, 1943 жылдың күзінде қаза тапты. Оған қайтыс болғаннан кейін Кеңес одағының батыры атағы берілді.