Тағы бір Олимпиада жүлдегері допингпен ұсталды

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз – Sputnik. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Игорь Сон допинг қолданғаны әшкере болды, деп хабарлады Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы.
Ресми мәліметке сәйкес, 2022 жылдың 9 ақпаны мен 2 наурызы аралығында Қазақстан Ұлттық допингке қарсы күрес орталығы жарыстан тыс допинг-бақылау аясында ауыр атлетикадан Қазақстан Ұлттық құрама командасының спортшыларын тестілеуден өткізген.
Бақылау қорытындысы бойынша келесі спортшылардан оң допинг-сынама анықталды: Әуелханов Абылай, Сон Игорь, Потасова Юлия, Чалкарова Руфина, Дроздов Алексей, Макрушин Матвей.
Жоғарыда аталған барлық спортшы Алматы облысының атынан шығып жүр.
"Допингке нөлдік төзімділік саясатын ұстана отырып, Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясы бұл оқиғаға ішкі тергеу жүргізуге ниетті", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Игорь Сон 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Олимпиаданың қола жүлдегері атанған болатын.