НҰР-СҰЛТАН, 28 наурыз – Sputnik. Алматыда 8 жасар қызды тонаған күдікті ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Қылмыс туралы полицияға қыздың анасы хабарлаған. Әйелдің айтуынша, қаладағы дәріханалардың бірінде белгісіз ер адам оның кішкентай қызының құлағындағы сырғасын шешіп алған.
Бөтеннің мүлкін ашық түрде ұрлау дерегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Бейнежазбадан қаскөйдің баланың құлағындағы сырғаны алып жатқанын көруге болады.
"Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында біздің бөлімшенің қызметкерлері сол күні 49 жастағы қала тұрғынын ұстады. Күдікті қылмыс жасағанын мойындады", – деді Әуезов аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Елнұр Құдретбаев.
Қазіргі уақытта оның бұрын жасалған басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 191-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.