НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз — Sputnik. Степногордегі жылу электр станциясындағы апат 25 наурызда болды: екі энергетикалық қазандықта бірден тесік пайда болған.
Кәсіпорында жылу мәселесін сағат 16:00-ге дейін шешуге уәде еткен. Бірақ тұрғындар пәтердегі ауа температурасы әлі де төмен екеніне шағымданып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Степногор ғана емес, Заводская ауылының тұрғындары да үш күннен бері жылусыз отыр. Шағын аудандардағы температура әр түрлі, негізінен 15-18 градус аралығында. Адамдар үйдегі кранның ыстық суы да салқындап кеткенін айтып жатыр. Олар жылыту құралдарын қосып, жылы киінуге және бірнеше көрпе жамылып ұйықтауға мәжбүр.
Жылу электр станциясының өкілдері апатқа байланысты үй іші суып кеткенін айтты. 25 наурызда алты энергетикалық қазандықтың екеуінде саңылау пайда болған. Әзірше бұл ақау реттеліп жатыр, мамандар резервті қазандықты іске қосты. Бірақ бұл жағдайды түзей қойған жоқ. Сондықтан 26 наурыздан 27-сіне қараған түні қосымша су жылыту қазандығын іске қосуға тура келді.
"Резервтік қазандықты толтырып, іске қосуға шамамен бес-алты сағат қажет. Орталық магистраль ұзындығы 21 шақырым, резервтік қазандық жылуы қалаға 10-12 сағатта жетеді", - деді Степногор ЖЭО баспасөз қызметінде.
Компаниядағылар кешке қарай үй жылынады деп уәде етті. Хабарланғандай, қалада 13 магистральді айналма жол бар. Сондықтан желілік су айналымы мен температурасы әр ауданда әр түрлі болады.
Бірақ абоненттер жылу мен ыстық су төлемін қайта есептеуді талап етіп отыр. Олар мессенджерде топ құрып, жылумен жабдықтау проблемасын белсенді талқылап жатыр. Жергілікті тұрғындар мен блогерлердің айтуынша, Степногордегі жылу проблемасы бірінші жыл туындап отырған жоқ. Ал жылыту маусымы басталған шақтан бері жылу электр станциясында осымен төртінші рет апат болған.
Оған құбырлар, желі мен жабдықтың тозуы себеп болып отыр. Жылу электр станциясы 1966 жылы пайдалануға берілген. Кәсіпорында тозу көрсеткші 80%-тен асатынын жасырмады.
Тұрғындар ЖЭО-ны мемлекет басқаруына қайтаруды талап етуде. Олар сонда ғана тәртіп болады деп санайды. Степногор әкімінің баспасөз хатшысы Ұлболсын Молдахметованың айтуынша, жөндеу жүргізу үшін магистральді желінің бір бөлігін әкімдік өз балансына қабылдауға дайын.
"Ал жылу электр станциясын мемлекет меншігіне өткізу оңай шешілетін мәселе емес. Уақыт керек. Бірақ билік бұл жайын ойластырып жатыр", - деген баспасөз хатшысы қала әкімі үш күннен бері апат орнын аралап жүргенін жеткізді.