Петропавл жылу электр орталығында тағы апат болды

Сенбіде қала тұрғындарының үйлеріндегі батареялар суып, жылы су баяу ақты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз — Sputnik. Петропавлда жылу электр станциясында кезекті апат болып, бірнеше жылу агрегаты істен шығып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Петропавл әкімдігі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінде хабарлағандай, апат 26 наурызда сағат 21:30-да болған.

"Қазір екі қазандық пен екі трубина жұмыс істеп тұр. Желілік су температурасы 43С/37С", - деді ТҮКШ бөлімінде.

"Севказэнерго" АҚ баспасөз қызметінде бұл ақпаратты растап, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Апат салдарын жою бойынша кәсіпорын нақты болжам мен мерзім ұсына алмады.
Еске салсақ, 20 наурызда Петропавлда екінші жылу электр орталығының мұржасы опырылып құлады. Соның салдарынан бірнеше қазандықтың жұмысын тоқтатуға тура келді. Үйінді астынан машинист әйелдің мәйіті табылды.
Төтенше жағдайдан кейін ЖЭО-2 директоры мен бас инженері қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттеріне адал қарамау") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.