НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Иттер Ақсу елді мекеніндегі ауыл тұрғынының 13 қойын қырып тастады, деп хабарлады оқиғаның видеосын жариялаған жергілікті павлодарлық пабликтің бірі.
"Ер адам бір түнде 13 қойынан айырылғанын айтты, деп жазылған видео астындағы мәтінде. Шаруалар бұл үш төбет кесірінен болғанын жеткізді".
Жергілікті халықтың айтуынша, бұл ауылдағы мұндай бірінші жағдай емес. Жақында ғана иттер құлынға тіс батырған. Ауыл тұрғындары осыған кім жауапты екенін анықтай алмай отыр.
Sputnik Қазақстан тілшісі Павлодар облысы ветеринарлық станциясының басшысы Марат Әбсалықовтан осы жағдайға қатысты түсініктеме беруді сұрады.
"Расында да Ақсу елді мекенінің Көктас ауылында осындай жағдай болып отыр, - деді ол. - Облыстық ветеринарлық станцияның Ақсудағы филиалының басшысы мен учаскелік инспектор жедел түрде оқиға орнына жетті. Жабайы иттер емес, көрші коттеджді екі немесе үш төбет күзеткен. Үй иесі бір жаққа кеткенде иттер шынжырдан босап, қорадағы қойға шапқан. Оларды талап тастаған, 13 қой қырылды", - деді Әбсалықов.
Оның айтуынша, таланған мал иесі полицияға шағымданып, ит иесін жауапқа тартуды сұраған. Материал жергілікті полиция қызметінің қарауына жолданды.