НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз — Sputnik. Энергетика министрлігі Петропавлдың жылу электр станциясындағы кезекті апатқа қатысты мәлімдеме жасады. Ведомство хабарлағандай, 26 наурызда сағат 21:30-да ЖЭО-2 нысанындағы импульсті түтікшелер қатқан.
"Түтікшелердің қатуына 20 наурызда түтін құбырының опырылуы салдарынан цехтың ашық қалып, сыртқы температураның төмендеуі себеп болған. Бұл үш қазандықтың істен шығуына алып келді", - деп хабарлады министрлікте.
Ведомство мәліметі бойынша, қазір түтікшелер жылытылып, жылу электр станциясында 3 қазандық жұмыс істеп тұр, бесінші қазандықты жылыту жұмысы басталды және жақын уақытта бесінші қазандық агрегаты іске қосылады.
"Қазіргі уақытта желідегі температура 45 градус, күн соңына дейін температура режимін қалпына келтіру жоспарланып отыр", - деді энергетика министрлігінде.
Қала тұрғындары үйдегі батареялар суып, жылы су сылдырап аққанына шағымданған. Жексенбінің таңында жергілікті әкімдік қазір екі қазандық пен екі турбина жұмыс істеп тұрғанын және желілік су температурасы 43С/37С деңгейінде екенін мәлімдеді. "Севказэнерго" АҚ жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Еске салсақ, 20 наурызда Петропавлда екінші жылу электр орталығының мұржасы опырылып құлады. Соның салдарынан бірнеше қазандықтың жұмысын тоқтатуға тура келді. Үйінді астынан машинист әйелдің мәйіті табылды.
Төтенше жағдайдан кейін ЖЭО-2 директоры мен бас инженері қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттеріне адал қарамау") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Облыс орталығындағы ЖЭО-2 алпысыншы жылдан бері жұмыс істеп тұр. 2021 жылдың қараша және желтоқсанында кәсіпорында екі рет апат болды. Сол кезде екі қазандық істен шығып, бірнеше аудан жарықсыз қалған.
26 наурызда сағат 21:30-да Петропавлдағы ЖЭО-2 нысанында тағы апат болды. Желілік су температурасы Цельсий бойынша 43-37 градусқа дейін төмендеді.