НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз – Sputnik. Өзбекстан мен Қазақстан вакциналау сертификаттарын өзара мойындау туралы келісті, деп хабарлады Өзбекстанның санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі.
Енді вакциналау туралы ұлттық сертификаты бар екі ел азаматтарына Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан өту кезінде коронавирус инфекциясын жұқтырмағаны туралы ПТР-тест нәтижесін көрсетудің қажеті болмайды. Бұл шешім 18 наурыздан бастап күшіне енді.
Сонымен қатар азаматтың вакциналау туралы сертификаты болса, оған ілесуші 5 жастан кіші балаларға тест тапсырудың қажеті жоқ. Ал бұл жастан жоғары балалар өздерін ертіп жүрген ересектердің коронавирусқа қарсы екпе салдырғанына қарамастан әлі де ПТР-тест нәтижесін көрсетуге міндеттеледі.
Сондай-ақ шетел азаматтарына электронды виза (E-VISA) рәсімдеу және беру жүйесінің жұмысы қайта қалпына келтіріліп жатыр.
Бұған дейін Ресей коронавирусқа байланысты Өзбекстанға ұшуды тоқтатқан рейстерді қайта іске қосты.