НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз — Sputnik. Ешкім ешқандай соғысты қалап отырған жоқ. Бірақ ядролық қақтығыс қаупі әрдайым болады. Сондықтан жүргізілетін саясатқа жауапкершілікпен қарау керек. Бұл туралы РФ Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев мәлімдеді, деп жазды РИА Новости.
"Ешкім ешқандай соғысты қаламайды. Ал ядролық соғыс – бұл бүкіл адамзат өркениетіне төнетін үлкен қауіп. Сондықтан ядролық қаруды ойлап табу ХХ және ХХІ ғасырдағы көп қақтығыстың туындауына тежеу болғаны туралы кейбір сарапшылардың ойы дұрыс. Бұл рас", - деді Медведев.
Оның айтуынша, "ядролық соғыс қаупі барлық кезде болғаны анық байқалады".
"Бұрынғы бас қолбасшы ретінде оның бүкіл ауқымын жақсы түсініп отырмын. НАТО елдерінің ядролық соғыс қарулары біздің Ресейді нысанаға алып отырғанын, ал біздің оқтұмсықтар Еуропа мен АҚШ-та орналасқан нысаналарға бағытталғанын бүкіл адам баласы біліп отыр. Бұл – өмір шындығы. Сол себепті мұны ешқашан естен шығармау керек және жауапкершілікке толы саясат жүргізу керек", - деді ол.
Медведев 1962 жылғы Кариб дағдарысын еске алып, қазіргі ахуал оған қарағанда әлдеқайда күрделі екенін атап өтті. Ол шақта өнеркәсіп немесе ауыл шаруашылығы салаларына қатысты санкциялар, дербес шектеу шаралары енгізілмегенін айтты.
"Ол кезде Брежневке, Подгорныйға және Косыгинге қатысты санкциялар енгізген жоқ. Өйткені олар мұның мәні жоқ екенін түсінді. Ал қазір шектеулерді бірінен соң бірін енгізіп, енді бәрі қолайсыз жағдайда тұр. Ал арадағы дауды шешу үшін сөйлесу керек, байланыс қажет", - деді Медведев.
Еске салсақ, 24 ақпанда Ресей Украинада арнайы әскери операцияны бастады.