Азық-түлік қымбаттап жатыр: үкімет қандай шара қолданды?

Өткен аптада нарықта орамжапырақ, қант, картоп, сәбіз бен жұмыртқаның бағасы өсті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 наурыз – Sputnik. Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша кеңес өткізді.
Үкімет басшысына өткен аптада (19-25 наурыз аралығында) Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 1,7%-ке өскені туралы баяндалды. Бір аптада негізінен мына өнімдердің бағасы өскен: орамжапырақ – 11%, пияз – 9,3%, қант – 6,3%, картоп – 4,7%, сәбіз – 3,3%, тауық жұмыртқасы – 1,7%, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Бұл тауарлардың ең жоғары орташа баға өсімі Алматы мен Қарағанды ​​облысында 3,5%, Түркістан облысында 2,5%, Жамбыл облысында 2,2% деңгейінде болған.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бөлшек саудасында 15%-тен аспайтын үстеме бағаны сақтауын тексеру жалғасып жатыр. Ал жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы 9,9%-ке қымбаттаған.
Тексеру нәтижесінде бір аптада 749 заңбұзушылық анықталды. Мұның барлығы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін бөлшек саудағы үстеме бағасын асыруға байланысты болған. Көбінесе қант (40%-ке), күнбағыс майы (35%-ке), көкөніс (25%-ке) бағасы көтерілген.
"Елімізде бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, инфляцияны қолайлы шекте ұстау және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында өткен аптада мониторингтік топтардың жұмысы республикалық маңызы бар қалалар мен өңірлер деңгейінен аудандар деңгейіне дейін кеңейтілді", – деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Түркістан облысынан ерте піскен көкөністерді жеткізу жөніндегі алдын ала келісімшарт жасау қажеттілігі туралы премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Қазақстанның тоғыз облысы келісімшарт жасап, ерте пісетін орамжапырақты жеткізуге ақша бөлді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде азық-түлік жеткілікті екенін мәлімдеді – 2022 жылдың 24 наурызындағы жағдай бойынша бұл әлеуметтік маңызы бар тауардың шамамен 1,1 миллион тоннасын қамтып отыр.
Атап айтсақ, картоп қоры 380 мың тоннаны құрайды; қоймада 32 мың тонна орамжапырақ бар. Қант қоры бүгінде 34,5 мың тоннаны құрап отыр (елдің орташа жылдық тұтыну көлемі шамамен 44 мың тонна) және одан әрі өңдеуге арналған 30 мың тонна қант шикізаты бар.
"Монополияға қарсы әрекет ету шараларын қолдану аясында тауық етінің көтерме жабдықтаушысы (Қостанай облысы), тауық жұмыртқасын өндірушілер (Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары), аммоний селитрасының өндірушілері (Маңғыстау облысы) және аммофос өндірушілері (Алматы), осы аталғандардың көтерме жабдықтаушыларына (Ақтөбе облысы) қатысты 8 тергеу басталды", - делінген үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Бір апта ішінде бір ескерту (Алматы облысы, "ФудМастерТрейд Компаниясы" ЖШС) және 3 хабарлама (Павлодар облысындағы "Grano-PV" ЖШС және "Царская каша" ЖШС қарақұмық өндірушілеріне, сондай-ақ Алматыдағы "Қазақстанның қант өнеркәсібі" ЖШС қанттың көтерме жабдықтаушысына) берілді.
Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорын бөлуді үйлестіру жұмыстарын күшейтуі қажет екенін айтты.
Экономика
Қазақстан қант экспортына тыйым салуы мүмкін