Оқиға

Сәбиі мен әйелін алып барған: Алматы облысында қарақшылық шабуыл жасаған ер адам ұсталды

Ер адам ақшадан қысылғандықтан осындай қылмысқа бардым деп ақталды
Sputnik
ТАЛДЫҚОРҒАН, 26 наурыз — Sputnik. Алматы облысында жер үйге қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды.
Оқиға Талғар ауданы Қарабұлақ ауылында болған. Күдіктілер үйде болған 14 жасар қыздың қол-аяғын байлап тастаған. Олардың олжасы 50 патроны бар аңшылық қару ғана болды.
Полицейлер күдікті бұрын сотталған Белбұлақ ауылының тұрғыны екенін анықтады. 45 жастағы ер адам жалға алынған көлікпен таксист болып нәпақа тапқан.
"Тінту кезінде оның ата-анасының үйінен бұрын ұрланған қару-жарақ табылды. Күдікті қылмысты мойындады. Ол қарызға батқандықтан, қылмысқа барғанын айтты", - деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаменті.
Полиция қарулы қарақшылық жасау кезінде ер адамды көшеде оны емізулі баласымен бірге әйелі күтіп тұрғанын атап өтті. Қазір полицейлер әйелдің қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
"Тергеу Қылмыстық кодекстің 192-бабы ("Қарақшылық") және 291-бабы ("Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды ұрлау немесе қорқытып алу") бойынша жүргізілуде", - деп толықтырды полиция.