НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз – Sputnik. Қызылорда облысы білім беру басқармасының басшысы Ақзира Қасымова бір литр сүт үшін 14 млн теңгенің тендеріне қатысты түсініктеме берді.
Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысында сүттің литрі үшін 14 млн теңгенің тендері туралы ақпарат таратқан болатын.
Шиелі ауданының білім беру бөлімі 1 литр табиғи сүтті 14 млн 577 теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жоспарлы бағаны қайта қарап, литрі үшін 223 теңгеге төмендету туралы ұсыныс жіберді.
Сонымен қатар агенттік Қармақшы ауданы білім беру бөлімінің тендерінде де заң бұзушылықты анықтады. Мұндағы №275 орта мектеп балаларға бір сырт киімді 1 млн 670 мың теңгеге сатып алуды жоспарлап отырған. Олар 208 миллион теңгеге барлығы 125 сырт киім сатып алмақ болған.
Ұсыныс бойынша баға 16 701 теңгеге дейін төмендетілді. Сатып алудың жалпы құны 2 млн теңгені құрады. Мемлекетке 206 млн 680 мың 197 теңге қайтарылды.
Ақзира Қасымова аталған фактілерге қатысты түсініктеме берді.
Айтуынша, Шиелі ауданындағы жағдайда сүтті сатып алуда түсінбестік болған, ал Қармақшы ауданында техникалық қателік кеткен.
"Облыстық білім беру басқармасы осы мәселеге қатысты тиісті тексерулер жүргізді. Нәтижесінде Шиелі ауданы 1 литр сүттің емес, 1 лот сүттің бағасын көрсеткен. Демек бұл бір жылдық сүттің бағасы. Шын мәнінде, бір литр табиғи сүтті қосымша құн салығынсыз 223,21 теңгеден сатып алу жоспарланған", - деді ол.
Ал Қармақшы ауданыдағы жағдайда техникалық қателік кеткен.
"Мемлекетік сатып алу порталына жылдық жоспарды енгізу кезінде қате кеткен. Яғни бір сырт киім 1 млн 670 мыңға емес, 16 701,43 теңгеге сатып алынуға тиіс болған. Бұл техникалық қателік. Алайда барлық мәлімет бойынша тиісті жоспарлар бөлінген қаражатқа сай жасалды. Бұл тек жоспарлы шаралар болатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар лот бойынша әлі мемлекеттік сатып алу жүргізілген жоқ және қаражат та бөлінбеген", - деді ол.