Қоғам

Полицейлердің ерлігі видеоға түсіп қалды

19 наурызда Павлодардағы көпқабатты үйлердің бірінен өрт шықты. Полиция тұрғындарды аман алып қалуға көмектесті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз – Sputnik. Павлодарда екі полицейдің өрт сөндіру кезіндегі ерлігі видеоға видеожетонға жазылып қалды.
Павлодар облыстық полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес, 19 наурызда Гагарин көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінен өрт шықты. Оқиға орнына жақын жүрген патруль барған.
Өрт сөндірушілер алдымен екінші қабаттағы пәтердің есігін бұзды. Ішінен көк түтін шықты. Құтқарушылар пәтердің ішінен ер адамды тапты. Ал полицейлер Данат Қамалиев пен Бақытбек Мұжамбетов оны бірден далаға шығарды.
"Ер адамға иіс тиген. Ол дем алмай жатқан. Данат Қамалиев жедел жәрдем келгенде уақытты текке өткізуге болмайтынын түсінді. Сөйтіп, бушлатын шешіп, жерге төседі. Оған зардап шеккен ер адамды жатқызды да, жүрекке массаж істей бастады. Қолдан дем алдыруға да тырысты. Бір кезде ер адам дем ала бастады", - дейді департамент мамандары.
Полицей Бақытбек Мұжамбетов өрт сөндірушілермен бірге пәтерді қарауға аттанды. Өйткені көршілер үйде әйелі және екі баласы қалуы мүмкін деп айтты. Бірақ пәтерде басқа ешкім болған жоқ.
Ал шымкенттік полицейлер көліктен шыққан өртті сөндіруге көмектесті.
Ресми мәліметке сәйкес, Республика даңғылының бойында тұрған Volkswagen Passat көлігінен ақау шыққан. Содан көлік отқа оранды.
Осы кезде полицейлер өрт сөндіру құралын алып, көмекке жүгірген. Олардың арқасында темір тұлпар толығымен жанып кеткен жоқ. Артынан өрт сөндірушілер де келді.