Өңірлер

"1 литр сүт - 14 миллион теңге": Қызылорда облысында тендерден шу шықты

Облыстық білім басқармасы да осы мәселеге қатысты түсініктеме берді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз – Sputnik. Қызылорда облысының Шиелі аудандық білім бөлімі бір литр сүтті 14 миллионға сатып алуды жоспарлады. Ал Қармақшының мектебі бір сырткиімді 1 миллион 670 мың теңгеге бағалады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыста анықталған тәртіпбұзушылықтарды жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, барлық мекемеге бағаны қайта қарау туралы ұсыныстар жіберілді. Соның нәтижесінде мемлекеттік сатып алулар арқылы жеткізілетін тауарлардың бағасы айтарлықтай төмендетілген.

"Мәселен, Шиелі аудандық білім бөлімі 1 литр сүтті 14 миллион 577 мың теңгеге сатып алуға жоспарлаған. Жоспарлы бағаны қайта қарау ұсыныстары жолданып, қорытындысымен 1 литр сүттің бағасы 223 теңгеге түсірілді", - дейді агенттіктің Қызылорда облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалия Әлімқұлова.

Облыстық білім басқармасы да осы мәселеге қатысты түсініктеме берді.
"Бекітілген мемлекеттік сатып алу жоспарларында екі бөлім тарапынан да техникалық қате кеткені анықталды. Дегенмен, бұл тек жоспарланған жұмыстар ғана, нақты ешқандай да мемлекеттік сатып алу жүргізілмегенін жеткіземіз", - дейді басқарма мамандары.
Алайда осы іспетті "жоспарланған жұмыстарға" басқа мекемелер де жол береді. Қармақшыдағы 75-ші мектеп басшылығы мемлекеттік сатып алу порталында бір сырткиімді 1 миллион 670 мың теңгеге бағалапты. Осылайша, білім ордасы 125 күрткеге 208 миллион теңге жұмсауды жоспарлады.
"Анықталған кемшілік бойынша ұсыныс жолданып, қорытындысы бойынша 1 сырткиім бағасы 16 мың 701 теңгеге дейін түсірілген. Жалпы сатып алу сомасы 2 миллион 87 мың 678 теңгеге түсті. Мемлекеттің 206 миллион 680 мың теңгесі қайтарылды", - дейді Әлімқұлова.
Бұдан бөлек, жанар-жағармайды сатып алу саласында да шикіліктер аз емес. Қызылорда облысында 11 мемлекеттік мекеме мұнай өнімдерін жоғары бағамен (дизель жанар майының бір литрі - 280 теңгеге, АИ – 92 маркалы бензин - 205 теңге) сатып алуды жоспарлаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік сатып алу лоттарын қайта қарауды талап етіп, 38 миллион теңге бюджет қаражатын үнемдеді.