НҰР-СҰЛТАН, 25 наурыз – Sputnik. Энергетика министрі Болат Ақшолақов бензин бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біріншіден, Қазақстанның ТМД-да және жалпы әлем бойынша арзан бензин жағынан алғашқы бестікке кіретінін атап өткен жөн. Осы бестікте нарықтық қарым-қатынастары мүлдем жоқ мемлекеттер бірінші орындарды алып отыр", - деді Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осы орайда министр Қазақстандағы мұнай өнімдерінің төмен бағасы бензиннің ірі көлемде шекаралас мемлекеттерге рұқсатсыз сатылғанына талай рет себеп болғанын да еске салды.
"Мысалы, былтыр не себепті тапшылық болды? Өйткені мұнай өнімдерін шекара арқылы бақылаусыз таси берген. Экспортқа тыйым салынса да, бензинді ірі көлемде шығарды. Ал қазіргі геосаясаттың салдарынан ресейлік мұнай өнімдері арзандап кетуі мүмкін. Дегенмен, қазір бізбен салыстырғанда қымбат болып тұр. Қазақстан мен Ресейдегі бағаның айырмашылығы, шамамен, 100 теңгені құрайды. Әзірше, ресейлік өнімнің арзандағанын байқап отырған жоқпыз", - деп атап көрсетті Ақшолақов.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстандағы бензиннің бағасы сақталады. Атап айтқанда, АИ-92 мен 93 - 192 теңге, АИ-95 - 215 теңге, ал дизель - 230-260 теңге.
"Акциз бойынша артық делдалдарды алып тастаймыз. Олар мұнай өнімдерін сатудан түскен маржаның бір бөлігін алып отырған. Ол маржа акциз ретінде мемлекетке түседі. Жаңа акциздерді қолданудан баға өспейді. Арзандауы да екіталай. Бензин бағасы әзірше сол күйінде сақталып отыр", - деді министр.