Әлем

Ресейдің G20 клубынан шеттелуі мүмкін бе

Америкалық шенеунік Ресей "Үлкен жиырмалықтан" шығуы мүмкін екені туралы айтты
Sputnik
Джо Байденнің Еуропаға сапары қарсаңында оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан АҚШ Ресейді "Үлкен жиырмалықтан" – әлемнің ірі экономикаларының клубынан шығарғысы келетінін мәлімдеді, деп жазды РИА Новости.
"G20 мәселесіне қатысты айтар болсам, біз Ресей енді халықаралық институттар мен халықаралық қауымдастықта баяғыдай істі жүргізе алмайды деп ойлаймыз", - деді Салливан.
Ол АҚШ әзірше бұл мәселені қарастырып жатқанын және қандай да бір шешім шығармас бұрын, одақтастармен кеңесуді жөн санап отырғанын айтты. Ресейдің клубқа мүшелігі туралы мәселе бейсенбіде Байденнің қатысуымен Брюссельде өтетін Еуроодақ пен "Үлкен жетілік" саммиттерінде қаралады.
Бұл жаңалық америкалық әкімшіліктің шынайылықтан қаншалықты алшақ екенін айшықтайды. Себебі, "Үлкен жиырмалықтан" ешкімді шығару мүмкін емес. Әлемнің ірі 20 мемлекетінің (ЖІӨ көлемі бойынша) көшбасшылары жылына бір рет бас қосып, әлем экономикасының өзекті мәселелерін талқылайды. Әйтсе де, екіжақты кездесу кезінде саяси мәселелер де талқыға салынады.
"Иә, іс жүзінде "Жиырмалық" "Үлкен сегіздіктен" – 2014 жылы "Жетілік" форматына қайта оралған Ресейдің қатысуымен өтетін жетекші батыс елдерінің бірлестігінен туындады. Бірақ көп уақыттан бері дербес және әлемнің басты клубына айналды. "Үлкен жиырмалықтың" жоғары деңгейдегі кездесулері 2008 жылы, яғни Батыс үлгісіндегі жаһандық қаржы жүйесінің әлемдік дағдарыс кезіндегі зияндылығын көрсеткен кезде басталды", - деп жазды РИА Новости тілшісі.
"Үлкен жиырмалық" Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті біріктіріп, оларға ортақ шешімдер іздеуге ғана емес, бір-бірімен сөйлесуге де мүмкіндік береді. Оның үстіне біріншіге қарағанда екінші мүмкіндік анағұрлым маңыздырақ болды. Сондықтан коронавирус пандемиясы кедергі келтіргенге дейін әлем көшбасшыларында кем дегенде жылына бір рет жиналу мүмкіндігі болды.
"Жиырмалық" соңғы рет 2019 жылы маусымда Жапонияның Осака қаласында бас қосты. Одан кейінгі екі саммит бейне форматта өтті, яғни бұл жай ғана формаль сипатта болды. Бірақ осы жылдың қазан айының соңында "Үлкен жиырмалық" Балиде виртуалды емес, бетпе-бет кездеседі. Бұл саммит жылдың ең маңызды кездесуі болады. Өйткені үш жыл бойы кездесу болған жоқ, ал әлем осы уақыт ішінде шындап өзгерді.
Индонезия аралы бұған дейін де ірі халықаралық саммит – Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭЫ) жиынын өткізген. 2013 жылдың 7 қазанында өткен бұл шара басқаларды атамағанда Қытай, Ресей мен АҚШ-тың басын қосты. Ал осыған дейін бір ай бұрын Путин өзі қонақтарды қабылдады – Петербургте "Үлкен жиырмалық" саммиті өтті.
Ресей Украинадағы НАТО бітімгерлеріне қандай ескерту жасады
Келесі жылы "Жиырмалық" Австралияның Брисбен қаласында өтті. Бұл шақта АҚШ пен Ресей арасы қатты шиеленіске болатын. Сондықтан Америка 2014 жылы Путинді бұл саммитте оқшаулауға тырысты.
"Үлкен жиырмалықтың" құрылуының өзі атлантикалық жобаның сәтсіздігінің символы болды. Сондықтан 2022 жылы Батыстың оны қысым тетігі ретінде қолдануға тырысуы тіпті күлкілі. Ресейді шығару туралы Батыс бастамасын кім қолдайды?
"Жиырмалық тура екі топқа бөлінеді: батыс әлемі және батыс емес әлем. Батысқа АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Канада, Австралия, Жапония, Оңтүстік Корея және Еуроодақ кіреді. Яғни, бұл америкалықтарға тәуелді Австралия мен Оңтүстік Корея бар "Үлкен жетілік", - деп жазылған материалда.
"Жиырмалықтың" екінші жартысы Қытай, Ресей, Үндістан, мұсылман елдері (Сауд Арабиясы, Түркия, Индонезия), Латын Америка елдері (Мексика, Аргентина, Бразилия) және Оңтүстік Африка Республикасы. Яғни, бұл негізінен Батыстың Ресейді жазалау әрекеттеріне қосылмаған бөлігі.
"Үлкен жиырмалық" – болашақ көпполярлы әлемнің үлгісі. Ол әлем әлеқайда күрделі түзіледі және өңірлік интергациялық бірлестіктердің рөлі басым болады. Ал атлантистердің ықпалына тәуелді болмайды", - деп жазылған.
Сондықтан Ресейді "Үлкен жиырмалықтан" шығару ақиқатқа еш қатысы жоқ қиял, деп түйіндеді мақала авторы.