Экономика

Қазақстанда экономиканы монополиясыздандыру комиссиясы құрылды

Үкімет негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне қайтармақ
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 24 наурыз – Sputnik. Президенттің тапсырмасымен Қазақстан үкіметі жанынан экономиканы монополиясыздандыру комиссиясы жұмысын бастады.
Комиссия құрамына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қаржы мониторингі, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерінің бірінші басшылары, үкімет мүшелері, Бас прокуратура және "Самұрық-Қазына" АҚ өкілдері кірді.
"Комиссияның міндеті – экономиканы монополиясыздандыру бойынша ұсынымдар әзірлеу. Атап айтқанда, комиссия жұмысы аясында телекоммуникация, теміржол инфрақұрылымы, медиа активтер және басқа салаларда негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру мәселелері қаралады", - деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Бүгін, 24 наурызда комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Алғашқы отырыстың қорытындысы бойынша премьер-министр Әлихан Смайылов қаржы министрлігіне уәкілетті мемлекеттік органдармен және "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, бір апта ішінде үкіметке негізсіз жекешелендірілген нысандарды мемлекет меншігіне беру тетіктері бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.