НҰР-СҰЛТАН, 24 наурыз – Sputnik. Қазақстандық ауыр атлет Ниджат Рахимов спорттық арбитраж сотының Рио-Олимпиадасының алтын медалінен айыру туралы шешіміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Достар, Наурыз мерекесі күндері допингке қарсы CAS департаментінің 2016 жылы алынған бақылау сынамасына қатысты шешімі көңілімді түсіріп жіберді. Былтыр тамыз айындағы тыңдаулар кезінде ол жағдайға еш қатысым жоқ екенін айттым. Бірақ, өкінішке қарай, арбитр дәлелдерімді қабылдамапты", - деп жазды Рахымов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Спортшы сынама алған мамандардың әрекетіне құқықтық баға берілмегенін де жеткізді.
"Осы жұмысқа жауапты болған адамдардың әрекетіне баға берілмегені өкінішті. Негізі сұрақтың бәрі соларға және олардың басшыларына қойылуы керек. Олардың қолы таза емес екенін уақыт көрсетті ғой. Сұрақ көп, бірақ жауап жоқ. Сондықтан мен осы шешімге үзілді-кесілді қарсымын!", - деп атап өтті Рахимов.
Оның айтуынша, Олимпиада ойындары кезінде алынған сынамаға қатысты ешқандай мәселе туындаған жоқ. Соған қарамастан, алтын медальді алып қоюға шешім шығарылды.
"Сол себепті мен бұл шешімге арыздануға мүдделімін!", - дейді Рахимов.
Айта кетері, былтыр Олимпиада чемпионы Ниджат Рахимов 2016 жылы зәрді ауыстырды деген күдікке ілінген болатын. Содан тергеу шараларына байланысты спорттан уақытша шеттетілген. Күні кеше Спорттық арбитраж соты (CAS) қазақстандық спортшыны зәрінің төрт үлгісін ауыстырғаны үшін кінәлі деп таныды. Осыған байланысты Рахимовтың 2016 жылдың 15 наурызынан 2021 жылдың 18 қаңтарына дейінгі спорттағы барлық нәтижесі жойылады. Оған қоса, допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін сегіз жылға спорттан шеттетілді.
Рахимов 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында 77 келіге дейінгі салмақта жеңіске жеткен. Ал бір жыл бұрын әлем чемпионы атанды.
Енді Қазақстан қоржынында 2016 жылғы Олимпиададан тек екі "алтын" ғана қалды – бокстан Данияр Елеусінов пен жүзуден Дмитрий Баландин.