НҰР-СҰЛТАН, 23 наурыз — Sputnik. Шашқа ақ түсу – бұл ерте ме, кеш пе, кез келген адам тап болатын процесс. Бұл әдетте генетикаға немесе қартаюға байланысты туындайды. Ал кейде ағзадағы проблема себеп болуы мүмкін, деп жазды "Комсомольская правда".
Шашта ақ пайда болуының бірнеше себебі бар. Меланин тапшылығын ең негізгісі деуге болады. Меланин – шаштың табиғи түсіне жауапты пигмент. Меланин бөлінуі төмендеп, шаш ішінде сутегі тотығы пайда болған кезде адамның шашы ағара бастайды.
Сонымен қатар алопеция, витилиго, гормоналды тапшылық, қалқанша без жұмысының бұзылуы немесе аутоиммунды жүйе ауруы кезінде де шаш түсі өзгеруі мүмкін. Бұл құбылыстың аурумен байланысы бар-жоғын тек дәрігер анықтай алады.
"Дұрыс тамақтанбау, темекі шегу, алкогольді ішімдік ішу, ұйқы бұзылуы және басқа да зиянды әдеттер де адам денсаулығына зиян келтіріп, бұл өз кезегінде шашқа ақ түсуіне себеп болады. Мысалы, темекі шегетін адамдардың ағзасында қышқылдану процесі жүреді. Ал бұл мелатонин бөлінуіне жауапты меланоциттердің қырылуына алып келеді", - деп жазылған мақалада.
Стресс пен витамин жетіспеушілігі де шаштың ерте ағаруына себеп болады. Адам шашының түсі бұзылмауы үшін күн сайын құрамында темір, биотин (в7), в12, фолий қышқылы, кальций, D витамині мен омега 3 бар тағамдар жеу керек.
"Өкінішке қарай, ақ шаштың пайда болуын тоқтату мүмкін емес. Себебі, көп жағдайда ақ шаш – бұл генетикалық тұқымқуалаушылық салдары. Әйткенмен, шашта ақ бар ма, жоқ па, бәрібір шашқа ерекше күтім жасау керек. Ал ақ шашты жұлып тастау мұндай шаштың көбеюінің алдын алады деген шындыққа жанаспайды", - деді дерматовенеролог және трихолог дәрігер Наталья Щеплева.
Генетикалық тұқым қуалаушылық салдарынан кейбір адамдарда ақ шаш тым ерте пайда болуы мүмкін. Сондықтан шашты бояу ғана жасыруға көмектеседі. Өйткені дәрігерлер ақ шаштан құтылу мүмкін емес екенін айтты.
Сондай-ақ дәрігерлердің айтуынша, арнайы косметологиялық шаралар да ақ шаш пайда болуын баяулата алады. Трихолог маман физиотерапия, плазмотерапия немесе мезотерапия процедурасын жасауға кеңес береді. Сонымен қатар басқа массаж жасау арқылы да жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.