Түркістан облысында шекарадан көліктерді заңсыз алып өтпек болғандар ұсталды

Тәркіленген көліктердің құны 70 миллион теңге деп бағаланып отыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз – Sputnik. Қазақстан-Өзбекстан шекарасында қымбат көліктер тәркіленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, Түркістан облысындағы Қонысбаев өткізу пунктінде Өзбекстаннан келетін көліктерді тексеру кезінде шекара жасағы үш жүк көлігін тоқтатты. Олардың ішінде ілеспе құжаттары жоқ 6 шетелдік жеңіл көлік болған.
"Контрабанданы өткізу әрекеті үшін Қазақстан азаматтары ұсталды. Тауардың алдын ала бағалау құны 70 миллион теңгені құрайды", - дейді шекарашылар.
Тәркіленген көліктер Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне тапсырылады.