Әлем

Қытайда құлаған ұшақта қазақстандықтар жоқ – СІМ

Шетелдік БАҚ-тың ақпаратынша, құтқарушылар әзірге бірде бір адамды таппады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз – Sputnik. Қытайдың оңтүстігінде апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақта Қазақстан азаматтары болған жоқ", - деді СІМ баспасөз қызметіндегілер.
Еске салсақ, Қытайдың оңтүстігінде China Eastern Airlines әуе компаниясының Boeing 737 жолаушылар лайнері апатқа ұшырады. Ұшақ Гуанси-Чжуан аумағында Учжоу қалалық округінің Тэн уезінде құлаған.
Бортта 132 адам – 123 жолаушы мен экипаждың тоғыз мүшесі болған.
Шетелдік БАҚ-тың ақпаратынша, құтқарушылар әзірге бірде бір адамды таппады. Оқиға орнынан тек құлаған ұшақтың сынықтары табылды.
Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Таулы жер іздестіру жұмыстары үшін үлкен қиындық туғызып жатқаны хабарланды. Global Times мәліметінше, ұшақ құлаған жерден күйген жеке куәліктер, әмияндар мен басқа да заттар табылған.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтқан еді.