Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда Наурыз мейрамына орай жүзден астам шара өтеді

Алаңға жиналған жұрт ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатыса алады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз – Sputnik. Елордада Наурыз мейрамына орай жүзден астам мерекелік шара өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерт, көрме, театрлық қойылымдар, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар және тағы басқа шаралар ұйымдастырылады.
22 наурызда сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін барлық ауданда, соның ішінде елорданың елді мекендерінде "Наурыз Думан 2022" мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. Сан алуан ұйымдардың әртістері мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама, түрлі костюм киген кейіпкерлер мен қуыршақтар шоуының бағдарламасы қарастырылған.
Сондай-ақ, жиналған жұрт ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстарға қатыса алады. Соның ішінде арқан тарту, асық ату, тоғыз құмалақ және тағы басқа ойындар бар. Мерекенің басты белгісі – Наурыз көже ұлттық тағамы да жұртшылыққа таратылады.
Алматы ауданында мерекелік іс-шаралар "Қазақ Елі" монументі алаңында және "Студенттер" саябағында ұйымдастырылады. Байқоңыр ауданында – "Ататүрік" саябағы мен Жазушылар аллеясы, Есіл ауданында – ЭКСПО аумағы мен Үркер елді мекені, Сарыарқа ауданында – "Көктал" саябағы мен Demalys Promenade алаңында өтеді.
18-31 наурыз аралығында Қуыршақ театрының "Наурыз-думан" шоуы өтеді. Қойылым уақыты: 10:00, 12:00, 14:00 және 16:00.
Қалалық кітапханалар Наурыз мейрамына арналған шараларды күн сайын өткізеді.
18-31 наурыз аралығында Мемлекеттік академиялық филармонияда "Наурыз сыйлығы" ұлттық премиясы табысталады. Оған қолөнер шеберлері қатысады.
18-22 наурыз күндері Арнасай,109 көшесі бойындағы сауда павильонының алаңында үлкен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Азық-түліктің бағасы нарықтағыдан 15 процентке төмен болуы керек, деп хабарлады астаналық әкімдік.