НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз – Sputnik. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин президенттің "екінші республика құрамыз" деген сөзін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Президент алматылықтарды Наурыз мейрамымен құттықтағанда өз сөзінде "екінші республика" деген жаңа анықтаманы пайдаланды. Осыған байланысты кейбір сарапшылар сол түсініктің астарында не бар екенін және бұған дейінгі "Жаңа Қазақстан" арасындағы байланыс туралы сұрай бастады. Негізі осы екі идеологеманың мағынасы бір, акценті ғана екітүрлі", - деп жазды Қарин.
Оның айтуынша, Жаңа Қазақстан – бұл елдің болашақ образы. Осы жолда қоғамдық құндылықтарды жаңартып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру қажет.
"Қаңтар оқиғаларынан кейін біз автоматты түрде Жаңа Қазақстанда өмір сүре бастадық деуге болады. Президент ұлтты қалыптастырудың жаңа мақсатын айқындап берді. Ал Жаңа Қазақстанды бір сәтте құру мүмкін емес. Бұл – терең әрі ұзақ қоғамдық трансформация процесі".
Соңғы жолдауда президент тың саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық балансты өзгертуге мүдделі екенін танытты. Негізгі жаңалығы сол, Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан мықты парламенті бар президенттік республикаға ауысады.
Осыған байланысты Конституцияның 30-бабына және 20 заңға өзгеріс енгізіледі. Бұл – ауқымды реформа. Соның арқасында саяси жүйе өзгеріп, халық мемлекетті басқару ісіне көбірек араласады. Бұның барлығы биыл іске асырылады. Осылайша, мемлекетті басқару моделі өзгерген "Екінші республика" болады.
"Екінші республика" – бұл жақын тұрған мақсат. Себебі мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды биыл іске асыру жоспарланған. Бір сөзбен айтсақ, Жаңа Қазақстан – бұл қоғам ме ұлттық жаңаруы, ал Екінші республика – мемлекеттік модельдің жаңаруы", - деп атап көрсетті Қарин.