АЛМАТЫ, 21 наурыз – Sputnik. Қазақстанның сауда министрі Бақыт Сұлтанов Ресеймен шекарада жүк көліктерінің жиналуына екі тараптың бірінің оларды өткізбей жатқаны себеп болды деген қауесетті жоққа шығарды.
"Маштаково/Сырым шекара бекеттерінде Қазақстанға кіруге кезек күтіп тұрған көптеген жүк көлігі жиналды. Қазірдің өзінде Ресей де, Қазақстан да жүктерді өткізбейді деген хабарлама тарап жатыр. Алайда көліктердің жиналуына кейінгі бірнеше аптадағы ауа райының қолайсыздығы себеп болды", - деді Сұлтанов.
Бұл аймақта шамамен 10 күн боран болды, көктайғаққа байланысты жолдар жабылды. Ауа райы қалыпқа келген соң жолдардың ашылуын күткен жүк көліктері бірден ресейлік "Маштаково" шекара бекетінің кіреберісінде бірнеше шақырым кезекке тұрды.
Оған қоса боран кезінде 16-17 наурызда қазақстандық "Сырым" шекара бекетінде электр қуаты өшірілді. Бұл Қазақстан тарапынан жүктердің кешігуіне себеп болды.
"Бірақ қазір жолдар ашылып, тазартылды, көліктерді өткізу қалыпты режимде жүріп жатыр", - деді министр.