АЛМАТЫ, 20 наурыз – Sputnik. Желіде қазақстандықтар "Светофор" және Fix price дүкендері желілері тек қолма-қол ақша немесе Сбербанк картасын қабылдай бастағанына шағымданды.
"Fixprice желісі бірнеше күннен бері тек қолма-қол төлемді қабылдап жатқаны белгілі болды. Тек қолма-қол ақша немесе Сбербанк карталарын қабылдайды", - деп жазды желі қолданушысы.
Нұр-Сұлтан тұрғыны дүкендер неге қазақстандық банктердің POS-терминалдарын орнатпағанын сұрады.
Жазбаны басқа қолданушылар да қолдады. Олар да осындай мәселеге тап болғанын жазды.
Осыған ұқсас жағдай "Светофор" дүкендер желісінде де болды.
"Вечерняя Караганда" паблигінің хабарлауынша, жергілікті "Светофор" дүкені енді дүкеннен сауда жасаған кезде Сбербанк картасымен немесе қолма-қол ақша төлеуге болатынын хабарлады. Дүкен мұның уақытша шара екенін хабарлады.
Қазақстандағы Fix Price сайтында жағдайды сұрауға болатын ешқандай байланыс нөмірі жоқ.
Алайда Алматыда сатып алушылар жақында қазақстандық банктердің картасымен төлем жасағандарын айтты.
Бұған дейін "Сбербанк Қазақстан" банк карталарының: 18 наурыздан бастап – Visa карталарының және 20 наурыздан бастап – MasterCard карталарының жұмысын шектейтінін хабарлаған.
Сбер картасынан басқа банктердің картасына ақша аудару шектеледі, басқа банк банкоматтарынан ақша алу қолжетімсіз болады.
6 наурызда Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелері Ресейдегі өз қызметі тоқтағанын жариялады. Ресей Сбербанкіне қатысты санкциялар Ресейдің Донбастағы әскери операциясына байланысты енгізілді.